Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Қазақстанның төрт облысында бұрқасын мен жолдың нашар көрінуіне байланысты жолдар жабылды.
Ақтөбе облысында 8 ақпаннан бастап Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз жолы жабылған. Сәрсенбі күні кештен бастап Қарабұтақ елді мекенінен Қостанай облысының Денисовка ауылына баратын жол жабылған.
Қостанай облысында бораннан облыстық маңызы бар Әулиекөл-Жолдама, Адаевка-Аралкөл, Әулиекөл-Смайловка, Әулиекөл-Ақжол жолдарында көлік қозғалысы тоқтатылған. Бүгін таңертең Қойбағар-Севастопольский жолында да қозғалысқа тыйым салынған.
Шығыс Қазақстан облысында бүгін күндіз ауа-райының нашарлауынан Семей-Қарауыл жолында (4-94 километрі аралығы) көлік қозғалысына шектеу қойылған. Сонымен қатар облыстық маңызы бар Шар-Бақыршық, Воскресенова-Петропавловка-Шелехова-Бел-Ағаш-Дмитриевка жолы мен Новопокровка-Петропавловка-Зубайыр-Байтанат жолы да жабылған.
"Қазавтожол" мекемесінің хабарлауынша, Алматы облысында бүгін ауа-райының нашарлауынан Үшарал-Достық жолының Көктума ауылынан Достық кентіне дейінгі аралығында көлік қозғалысына шектеу енгізілген.
Қостанай облысында бұрқасын мен жолдың нашар көрінуінен Қарабұтақ-Комсомол-Денисовка-Рудный-Қостанай жолының Ақтөбе облысымен шекарасынан бастап Денисовка ауылына дейінгі аралығында барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу салынған.