Бүгін Астанада өтетін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылайтын жиынына Азаттық тілшілерін кіргізбейтін болды.
9 ақпанда Азаттық тілшісі мен операторы 10 ақпан күні сағат 15-18:30 аралығында президент жанындағы Ұлттық қорғаныс университетінде өтетін Қазақстанның 2017-2019 жылдарға арналған террроризм және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасының жобасын қоғамдық талқылайтын дөңгелек үстеліне бармақ болып ҰҚК-ге жеке бас мәліметтерін жіберген.
Бүгін таңертең Азаттыққа хабарласқан ҰҚК-нің антитеррорлық штабының қызметкері Ержан Ережепов деп таныстырған адам "жиын өтетін орын тар болғандықтан оған кіргізілетін журналистер саны азайтылғанын" айтып, Азаттық тілшілері жиынға кіргізе алмайтындарын ескертті. Ережепов дөңгелек үстелге "орталық телеарналардың журналистері ғана шақырылатынын" айтып, агенттіктер тілшілерін кіргізе алмайтынын жеткізді.
Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми-сараптамалық орталықтардың, дәстүрлі діни конфессиялар мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысады делінген.