Бүгін Шымкенттегі №2 балалар саз мектебінің ғимаратында өткен жиында шымкенттік бір топ белсенді конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсылығын білдірді.
Жиынға он шақты белсенді жиналды. "Шақырылған азаматтардың көбі түрлі себептермен жиынға келмей қалды" дейді ұйымдастырушылар.
Профессор Шаруа Пірматтың айтуынша, қазір қоғамда Конституцияның 26-бабын өзгерту бойынша пікірталас жүріп жатыр.
- 26-баптағы "Қазақстан Республикасының азаматы" деген сөзді "әркім" деген сөзбен айырбастамақшы. Егер өзгеріс енсе әркім, яғни кез келген адам, ол Қазақстан Республикасының азаматы болмаса да Қазақстан Республикасынан мүлік алуға, бұл арқылы шетел азаматының жерді сатып алып, жеке меншігіне айналдыруға құқық бермекші. Соны бұлар пайдаланбақшы, жасырын түрде, - дейді профессор.
- Жердің мүлікке қатысы жоқ дегенді айтады. Егер мүлікті алса сол мүлік тұрған жерге иелік етеді. Жерсіз мүлікті меншіктей алмайды, - дейді белсенді Жанысбек Өтеген.
"Ұлт тағдыры қоғамдық бірлестігінің өкілі Аманқұл Күмісбектің айтуынша, мүліктің жылжитын және жылжымайтын екі түрі бар. Осы жылжымайтын мүлікке жер кіреді. "Жер мүлікке кіреді" дейді ол.
Жиынға қатысқан белсенділер 26-бапты өзгертуге қарсы екенін бір ауыздан айтып, қарсылық танытанын азаматтардың қолын жинап, Шымкент қаласы әкімдігіне хат жолдайтынын жеткізді.