"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы Түркіменстанның тәуелсіз журналистерді қудалау әрекеттерін айыптайды.
Азаттық президенті Томас Кенттің мәлімдемесінде Азаттықтың Түркімен қызметі журналистері Сапармамед Непескулиев пен Худайберді Аллашовты қамаудан босату туралы талап айтылған.
Түркіменстан билігін сынаған материалдарымен танылған Аллашов 2016 жылы желтоқсанның 3-і күні ұсталған. Ол сегіз жылға сотталуы мүмкін.
Азаттықтың Түркімен қызметі корреспонденті Сапармамед Непескулиев 2015 жылы қыркүйекте ұсталып, "есірткі сақтады" деген айыппен үш жылға сотталған. Құқық қорғаушылар бұл істердің саяси астары бар екенін айтады.
Томас Кент мәлімдемесінде Түркіменстанда 12 ақпанда өтетін президент сайлауы кезінде елдегі жағдай туралы сайлаушыларды еркін ақпаратпен қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы атап өткен.
Түркіменстандағы тәуелсіз журналистердің тағдырына бұған дейін АҚШ үкіметі, ЕҚЫҰ ұйымы алаңдаушылық білдірген еді. Халықаралық Human Rights Watch және "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымдары да Түркіменстандағы сөз бостандығына қарсы "жойқын шабуылды" айыптайтындарын мәлімдеген болатын.