АҚШ президенті Дональд Трамп пен Канада премьер-министрі Джастин Трюдо 13 ақпанда Ақ үйде кездеседі. Кездесудің күн тәртібінде жұмыс орындарын ашу, экономикалық өсім, әйелдер құқығы туралы дискуссияға қатысу мәселелері тұр.
45 жастағы Джастин Трюдо мен 70 жастағы Дональд Трамптың әлемге деген көзқарастары әртүрлі. Трамп әлемдік сауда-саттыққа қарсы және АҚШ-қа босқындардың кіруіне тыйым салуды қолдайды. Либерал Трбдо әлемдік сауда-саттықты қолдайды. Трюдо қызметіне кіріскен соң Канада сириялық 40 мыңға тарта босқынды қабылдады.
Трюдо Трамппен кездесуінде АҚШ пен Канаданың ынтымақтастығына басты назар аударылатынын хабарлады. "Біз жұмыс орындары мен экономикалық өсім, орта таптың мүмкіндігі, екі елдегі миллиондаған жұмыс орны, тауар мен қызметтің шекарадан кедергісіз қалай өтуіне байланысты мәселелерді талқылаймыз" деді Трюдо.
Трамп пен Трюдо әйелдердің жұмыс орындарында кездесетін қиындықтары талқыланатын дөңгелек үстелге де қатысады деп жоспарланған. Бұл дөңгелек үстел кәсіпкер әйелдер мен бизнесте жетекшілік салада қызмет ететін әйелдердің құқығын қорғайтын канада-америка кеңесін құру бағытындағы шаралар аясында ұйымдастырылмақ.