Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қуғындағы оппозициялық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті "БТА банктің" қаржысын жымқыру" ісі бойынша тергеуге тағы да шақырды.
Бюро баспасөз қызметінің 14 ақпанда таратқан ақпараты бойынша, тергеу "БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов басшылық еткен топтың банк қаржысын жымқыру айла-шарғысын қалай іске асырғанын" анықтаған.
"Тергеу Әблязовтің банк капиталын оның акциясын банктен жымқырылған қаржыға өзіне бағынышты компаниялар арқылы сатып алу жолымен қолдан ұлғайтқаны анықталды. Әблязов банк капиталын арттырып, оны уақытша тартымды және қаржысы көбейіп жатқан сияқты етіп көрсеткен" дейді коррупцияға қарсы қызмет.
Ресми мәлімет бойынша, Әблязов "қитұрқы жолмен табылған қаржыны өзінің компанияларына несие беру арқылы жымқырып, ол қаржыны жүздеген оффшорлық компаниялар арқылы Ресей, Украина, Ұлыбритания, АҚШ, Франция және басқа да елдерде қымбат активтер сатып алуға жұмсаған".
Бюро қазір тергеуде табылған айғақтар Әблязовке "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп, жұмсау", "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп, жұмсауға оқталу", "қылмыстық жолмен табылған қаржы мен өзге де мүлікті заңдастыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп тапқан.
Коррупцияға қарсы қызмет осыған байланысты Әблязовті тергеуге шақыратынын, бірақ оның шетелде жасырынып жүруіне байланысты тергеуге ақпарат құралдары арқылы шақырылатынын айтады. Ұлттық бюро Әблязов 15 ақпанға дейін Астанадағы бюро кеңсесіне тергеуге келуі қажет дейді.
Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялаған. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.
Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған. Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.