Ресей елшісін өлтірген сәттегі суретті марапаттауға наразылық танытты

Бурхан Озбиличи, Associated Press агенттігінің тілшісі.

Анкарадағы Ресей елшілігі түрік полицейінің Түркиядағы Ресей елшісін атқан сәтін түсірген фотографқа World Press Photo Award сыйлығының берілуіне қарсылық білдірді. Елшілік бұл шешімді "азғындықтың, этика мен моральдық құндылықтардың толықтай күйреуінің көрінісі" деп атады.

Сыйлықты айыптаған мәлімдеме елшіліктің Facebook-тегі парақшасында жарияланды. Онда Associated Press агенттігі фотографы Бурхан Озбиличидің суреті "жан түршігерлік зорлық-зомбылықты жөнсіз насихаттау" деп аталады.

Сурет 2016 жылы 19 желтоқсанда Анкарадағы сурет көрмесінде 22 жастағы полицей Мевлют Алтынташ оқ тиіп жерге құлаған елші Андрей Карловтың қасында тұрған сәтте түсірілген. Озбиличи "Мен оқ атылғанын естігенде мұның өте маңызды, тарихи сәт екенін түсіндім. Мен өз жұмысымды істеуім керек екенімді білдім. Журналист ретінде өзімді құтқару үшін қашып кете алмадым" деді Бурхан Озбиличи. Сурет интернетте 18 миллион рет көрілген.