Адвокат: Боқаев пен Аян Алматы абақтысында отыр

Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Атырауда 2016 жылғы сәуірдегі «жер мәселесіне» қатысты жаппай митингіге қатысқан соң сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қазір Алматыдағы тергеу абақтысында отыр. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде жазған адвокат Айман Омарова ақпанның 16-ы күні түрмедегі Макс Боқаевпен кездесіп, хал-жағдайын білгені туралы хабарлаған.

Оның жазуынша, билік орындары Боқаевтың туыстарына тұтқынды Петропавлдағы 157/9 түзеу колониясына жазасын өтеуге жіберетіндері туралы қаңтардың 31-і күні хабарлаған. Ақтөбедегі тергеу абақтысында 14 күн отырған Боқаев пен Аянды ақпанның 10-ы күні пойызға отырғызып, ақпанның 12-і күні Алматыға жеткізген.

Адвокатпен әңгімеде Макс Боқаев Ақтөбеде тергеу абақтысында болған кезде Талғат Аян екеуі өздерін сот жазасын өтеуге Петропавлға жіберу қылмыстық атқару кодексінің 88-і бабына қайшы екендігін айтып, өздерін тұрғылықты жері Атырауға қайтаруды сұрап Ақтөбе прокуратурасына арыз жазғанын айтқан. Боқаевтың сөзінше, оларды Ақтөбеден Алматыға жеткізген «столыпиндік» вагонда жеті адамға арналған жатын орында 11 тұтқын отырып келген.

Алматыдағы ЛА-155/1 қамау мекемесі әкімшілігі Макс Боқаев пен Талғат Аян туралы ақпарат бермеді, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша департаменті Азаттық сауалдарын жазбаша жолдауды сұрады.

Өткен жылы қарашада Атырау облыстық соты Макс Боқаев пен Талғат Аянды "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттаған. Үкім бойынша, белсенділер жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Боқаев пен Аянға шығарылған үкімді айыптап, Астананы белсенділерді босатуға шақырған.