Путин "ДХР" мен "ЛХР" құжаттарын мойындау туралы жарлық шығарды

Украинаның Луганск және Донецк аймақтары арасындағы тексеру бекетіндегі ресейшіл сепаратистер. 9 шілде 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин сенбі күні қол қойған жарлық бойынша, Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарында өзін-өзі жариялап алған «халық республикалары» ресейшіл сепаратистерінің Украина азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға берген құжаттарын Ресей билік орындары заңды деп таниды.

Жарлыққа сәйкес, Ресейде енді Украинаның Донецк және Луганск облыстарының Киевтегі орталық билікке бағынбайтын аудандары тұрғындарының көлік құралдарын тіркеу белгілері мен құжаттары да заңды саналады.

Путиннің шешімінде қол қойған күннен бастап жарлық күшіне енетіні және ол «Украинаның Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарындағы жағдай Минск келісіміне сай саяси реттелгенге дейін» қолданыста болатыны айтылған.

Батыс елдері Ресейді Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қолдау білдіріп отыр деп сынайды. Ресей 2014 жылдың басында Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін Украинаның шығыс аймақтарында басталған қарулы жанжал әлі күнге жалғасып отыр.