Беларусь астанасында жұма күні арамтамақтық туралы заңға қарсы жаппай акцияға бірнеше жүз адам қатысқан. Минскідегі президент Александр Лукашенконың резиденциясы маңына жиналған наразылар жұмыссыз азаматтарға арнайы салық салуға қарсылық білдірген.
Сонымен бірге наразылар зейнетке шығу жасын ұлғайтуға қарсы екендерін айтып, биліктен халық табысының азаюын тоқтатуды және "еркін әрі әділ сайлауды қайтаруды" талап еткен. Соңғы жылдар бедеріндегі Беларусьтегі ең ірі қарсылық акцияларының біріне айналған "Ашулы беларустар шеруін" ұйымдастырушылар арасында ел президенттігіне экс-кандидаттар Николай Статкевич пен Владимир Некляев те бар.
Your browser doesn’t support HTML5
Беларусь президент Александр Лукашенко 2015 жылы "Әлеуметтік масылдықтың алдын алу туралы" жарлық шығарғаннан кейін елде "арамтамаққа салық" енгізілген. Заңға сәйкес, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азамат 170 еуроға жуық ақша төлеуі тиіс. Салықты төлеуге биылғы ақпанның 20-сына дейн мерзім берілген. Қазірге дейін салық төлеуге жатқызылған азаматтардың он пайызға жуығы оны төлеген.