Жамбыл облысында қаза тапқандардың отбасына өтемақы бермек

Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан 91678 әскери бөлімшесінің қаза тапқан жеті қызметкерінің отбасыларына Қазақстан заңына сәйкес, соңғы атқарған қызмет лауазымына сәйкес 5 жылдық ақшалай үлес көлемінде бір реттік өтемақы төленеді. Бұл туралы қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, апат болған аймақтан құтқарылғандардан әртүрлі жарақаты бар сегіз адам қазір ауруханада жатыр.

Төтенше оқиғаның себебін қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жетекшілік ететін үкіметтік комиссия тексеріп жатыр.

Қаза тапқандармен қоштасу рәсімі олар қызмет атқарған әскери бөлімше аумағында өткізілмек.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі ақпанның 17-і күні Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімі сарбаздарының жоспарлы жаттығуы кезінде кенеттен қар көшкіні түсіп, 7 адам қаза тауып, 16 адам құтқарылғаны туралы хабарлаған.