Алматыда алдағы жылдары қоғамдық көлім саласында бірқатар реформалар жасалып, жобалар іске асырылады деп мәлімдеді бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек. Республика сарайында өткен халыққа есеп беру жиынында Байбек қоғамдық көліктерге арналған жолақтар саны ұлғайтылатынын, троллейбус желілерін жаңалауға 5,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Оның сөзінше, бұл сома - қаладағы трамвай қозғалысын қалпына келтіру шығынынан үш есе аз. Әкім сонымен қатар биыл қаланың орталығында қозғалысты ұйымдастырудың кешенді жүйесін дайындау жұмысы басталғанын да айтты.
Бауыржан Байбек сонымен қатар биыл жеңіл рельсті қоғамдық көлік кешенін салатын мердігерді анықтауға конкурс жарияланатынын, 2020 жылға қарай метроға екі станция қосылып, Абай даңғылы мен Момышұлы көшесіне дейін ұзаратынын хабарлады.
Бүгін таңертең кейбір белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары әкімнің есептік кездесуіне кіре алмай, Дильнар Инсенова және тағы екі белсенді өздерін полиция Медеу аудандық ішкі істер бөліміне әкеткенін хабарлаған. Бірақ ішкі істер бөлімінің кезекші қызметкері Азаттыққа бұл ақпаратты растамады. Есептік кездесу өтетін сарайдың маңында полиция қызметкерлерінің қарасы мол болды.