Алматыда азаматтық белсенді Дильнар Инсенованы қала әкімі Бауыржан Байбек халыққа есеп беретін орыннан полицияға алып кетті. Бүгін таңертең Республика сарайына әкімнің есеп беру кездесуіне қатысуға барған белсендіні полиция қызметкерлері қызметтік көлігімен Медеу аудандық ішкі істер бөліміне алып кеткен. Бұл туралы Азаттыққа полиция бөлімшесінен Инсенованың өзі хабарлады.
Бүгін таңертең Facebook-те жарияланған видеода белсендінің полиция қызметкерлерінен өзін не себепті алып кеткісі келіп тұрғанын сұрағаны түсірілген. Белсендіні ұстау сарайдың дәлізінде басталып, әжетханада аяқталған. "Мені әйелдер әжетханасынан күштеп алып шықты. Әжетханаға полиция формасын киген екі әйел кіріп, менің ұялы телефонымды тартып алды және мені әжетханадан итеріп алып шықты" деді Инсенова.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен бұған қатысты комментарий алу мүмкін болмады.
Инсенованың сөзінше, онымен бірге белсенді Руслан Молдағалиевты да алып келген. Ол өзін Наурызбай батыр және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы полиция бөлімінде себебін түсіндірместен бірнеше сағат ұстағанын айтады.
Бауыржан Байбек бүгін түскен Республика сарайында халыққа есеп беру кездесуін өткізген. Есеп беру тікелей эфирден көрсетілген.
Байбек биыл ішкі істер департаментінің бюджеті бұған дейінгі көлемінің төрттен біріне артқанын мәлімдеген. Әкімнің айтуына қарағанда, еңбек мигранттарының үздіксіз келіп жатқанына қарамастан Алматыда жұмыссыздық көрсеткіші өткен жылғы 5,3 пайыз деңгейінде қалған. Ол алматылықтардың орташа жалақысы 12 пайызға артқанын да айтты.