Киев: Донбаста үш жылда 10 мыңға жуық адам құрбан болды

Украинаның әскери дәрігерлері Авдеевка қаласы түбіндегі қақтығыста жараланған сарбазды әкетіп барады. 31 қаңтар 2017 жыл.

2014 жылдың 20 ақпанынан бері Донбасста 10 мың адам қаза тауып, 23 мыңға жуық адам жараланған деп мәлімдеді Украина сыртқы істер министрлігі.

Ресейдің Қырымды аннексиялап, Донбасста қантөгіске әкеп соқтырған әскери операциялары басталған үш жылда шамамен екі миллион адам еріксіз қоныс аударған. Әзірге Украина үкіметі Ресеймен шекарасының 409 километрлік бөлігіне бақылау орната алар емес. Ол жер арқылы Ресей Украинаға үнемі жалдамалы әскер, қару-жарақ пен оқ-дәрі кіргізіп келеді. Украина СІМ мәлімдемесінде: «Агрессор мемлекет Украина территориясының 7 пайызын басып алды, ондағы миллиондаған Украина азаматтары басқыншылық пен үнемі террор қаупінде өмір сүріп жатыр» делінеді.

Киев Мәскеуді Минск келісіміне сәйкес, Донбастағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу міндеттемелерін орындауға, аннексияланған Қырымда және сепаратистер бақылауындағы аумақтарда азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін аяқ асты етуді тоқтатуға, украин әскери тұтқындары мен саяси тұтқындарды босатуға, Қырымды Украинаға қайтаруға шақырады.

Өткен тәуліктерде Донбаста сепаратистер украин әскери позицияларын 74 рет атқылаған. «Украинская правда» газетінің хабарлауынша, атыстан екі әскери қызметкер жараланған. Соған қарамастан, Украина қорғаныс министрлігіндегілер аймақтағы әскери қимылдар қарқынының бәсеңдегенін айтады.

18 ақпанда екі жақ кезекті рет бітім жасасуға келіскен. Бітім келіссөзі 20 ақпанда басталуы тиіс болатын.

Қаңтардың соңында Украина шығысындағы жағдай қайта ушығып, украин үкіметінің бақылауында тұрған Авдеевка қалашығының түбінде шайқас басталған. Соның салдарынан екі жақтан да әскер шығыны болып, бейбіт тұрғындар да қаза тапқан. Украина мен Ресей жағдайдың күрт нашарлауына бір-бірін айыптап отыр.