Бішкек Атамбаевтың Қазақстанға қатысты сөзіне түсініктеме берді

Динара Кемелова, Қырғызстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Қырғызстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Динара Кемелова Қазақстанның осы елдегі елшісі Айымдос Бозжігітовті қабылдады деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы.

Министрліктің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Кемелова елшіге Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Euronews телеарнасына берген сұхбатына қатысты туындаған жағдайға байланысты түсінік берген. Кемелова 2010 жылғы сәуір оқиғасына байланысты Қазақстан жағы шекарасын жауып, шектеу енгізгенде Қырғызстан азаматтарына кәдімгідей қиындықтар туындап, ол адам өліміне дейін әкеліп соқтырғанын айтқан.

"Шекарадан заңды түрде өтуге мүмкіндік болмағандықтан бір топ жастар шекарадан Шу өзенін жүзіп өтпек болған. Ата-анасының медициналық көмек көрсету үшін шекарадан өте алмауы салдарынан баласының қайтыс болған оқиғасы да бар" делінеді Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің ақпаратында. Ол сонымен қатар сол кездегі бір жарым ай уақытта дәрі-дәрмектің жоқтығынан халі ауыр науқастардың қайтыс болған оқиғалары да кездескенін еске салған. Қырғызстанға өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді жеткізудің тоқтатылуы мыңдаған адамның өміріне қауіп төндірген. Шекараның жабылуы Қырғызстанда азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына және шиеленістің өсуіне әкеліп соқтырған.

"Сонымен бірге, бұдан ары конструктивті түрде өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық орнату үшін бұл мәселеге қатысты айтысты доғарып, екі ел басшылары алға қойған міндеттерді іске асыруға бет бұру керек" деген Кемелова.

Министрдің орынбасары бұдан өзге қазіргі күні шекарадағы 12 бақылау-өткізу пунктінің төртеуі жабық тұрғанын, мұның 2003 жылы 25 желтоқсанда жасалған шекарадан өткізу пунктері туралы үкіметаралық келісімін бұзатынын айтқан.

Кеше Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Алмазбек Атамбаевтың сөзін ескердік. Енді Қырғызстан тарапынан түсініктеме күтіп отырмыз" деп мәлімдеген.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 17 ақпанда Euronews телеарнасына сұхбат берген. Ол "ЕАЭО Ресей мүддесіне көбірек жұмыс істейді деп есептемейсіз бе?" деген сұраққа "Бұл одаққа кірмесек, оқшау қалып қоятын едік" деген сарында жауап берген. Ол: "2010 жылы Қазақстан бізге бір жарым ай блокада жасап тастаған кезде бізде адам шығыны да болды" деген.