Қазақстанда туберкулезбен ауыратындар саны азайғаны хабарланды

Көрнекі сурет.

Қазақстанда 2016 жылы туберкулезбен ауыратындар саны 2015 жылмен салыстырғанда азайды деп мәлімдеді бүгін фтизипульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Жұмағали Ысмайлов Алматыда өткен баспасөз жиынында. Оның сөзінше, өткен жылы туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрғандардың саны 17 мың 456 адам болған, бұл - 2015 жылмен салыстырғанда 2283 адамға аз.

Орталық мәліметіне қарағанда, туберкулез көрсеткіші Қазақстан бойынша 18 жасқа дейінгі балалар арасында 21.6 пайызға төмендеген. Ал аталған ауру бойынша өлім көрсеткіші 17.1 пайызға азайып, 100 мың адамға шаққанда 3.4 пайызды құраған.

Денсаулық сақтау министрлігінің бас фтизиопедиаторы Қағаз Серікбаева «18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жаңа туған сәбилердің 3,5 пайызына туберкулезге қарсы екпе салынбай отырғанын", 2015 жылы екпе салынбағандардың арасынан 12 бала, 2016 жылы 7 бала науқасқа ұшырағанын» айтты. Оның айтуынша, 2016 жылы жаңа туған 4290 сәбиге екпе салуға ата-анасы келісім бермеген, ата-аналарымен үгіт-насихат жүргізу нәтижесінде 420 сәбиге екпе салынған.

Жиынға қатысқандар Қазақстанда 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулездің алдын алу жөнінде айлық басталатынын айтты.