«Әділет» («Справедливость») біріккен көпұлтты партия құру ниеті туралы мәлімдеген азаматтар тобындағы белсенді Олеся Халабузарь өзін бірнеше сағат «заңсыз ұстаған» полицияның ісіне шағым айтып Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразовқа бүгін арыз тапсырған. Халабузарьдің айтуынша, полиция өкілдері оны ақпанның 23-і күні жұмыс орнынан Алматы қаласының ішкі істер департаментіне жеткізген соң белсенді ол жерде тоғыз сағатқа жуық уақыт болған.
Сол күні полиция бірнеше сағат бойы ұстағаны туралы «Әділет» («Справедливость») біріккен көпұлтты партия құру жөніндегі бастамашыл топтағы тағы бір азаматтық белсенді Нұрлан Әміреқұлов та мәлімдеген.
Олеся Халабузарь мен Нұрлан Әмірқұловтың Азаттыққа хабарлауынша, полицияда оларға конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізуге наразылық акциясын ұйымдастыруға қатысы туралы сұрақ қойған. Бұған дейін ақпанның 23-і күні түс кезінде Алматының орталығында өткізу жоспарланған ол акция кеше өтпей қалған.
Прокурорға арызында Олеся Халабузарь өзін «заңсыз ұстағаны» үшін бірқатар лауазымды шенеуніктерге, соның ішінде ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Әлішер Тұрсынбетовке қарсы қылмыстық іс қозғауды сұраған. Өз кезегінде полковник Тұрсынбетов Азаттық тілшісіне жеке өз басы Олеся Халабузарьдің ісімен айналыспағанын, белсенді оның кабинетінде болмағанын айтты.
Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек Азаттыққа Олеся Халабузарьдің ұсталуына қатысты ақпарат беруге уәде еткенімен, кейін одан комментарий алу мүмкін болмады.
Алматы қалалық прокуратура кеңсесі Олеся Халабузарьдан арыз түскенін және тіркеуге алынғанын растады.