Қазақстан хоккейшілері - Азиада чемпионы

Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Саппородағы Азия ойындарында. 22 ақпан 2017 жыл. (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев.)

Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Жапонияның Саппоро қаласындағы қысқы Азия ойындарында алтын жүлдені жеңіп алды.

Қазақстан хоккейшілері биылғы Азиада ойындарында Қытай (8:0), Оңтүстік Корея (4:0) және Жапония (7:0) командаларын ұтқан. Жарыс қортындысында күміс жүлдені Оңтүстік Корея, қоланы - Жапония құрамасы иеленді.

Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы бұған дейін 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында да жеңімпаз атанған.

Фристайлдың могул түрінен қазақстандық Юлия Галышева әйелдер арасында күміс жүлдегер атанса, Дмитрий Рейхерд ерлер арасындағы бәсекеде қола медаль алды.

Шаңғыдан 30 километрлік масс-стартта қазақстандық Сергей Черепанов күміс, Николай Чеботько қола медаль иеленді.

Қазақстан құрамасы қазір 9 алтын, 11 күміс және 12 қоламен жалпы есепте Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайдан кейін төртінші орында келеді. Саппородағы қысқы Азия ойындары бүгін, 26 ақпанда аяқталады.