Мосул маңынан адамдарды жаппай көмген көр табылған

Ирактың Мосул қаласының жалпы көрінісі. 25 ақпан 2017 жыл.

Ирактың Мосул қаласының маңында бірнеше мың адамды жаппай көмген көр табылған деп хабарлады британдық Telegraph басылымы. Ол Мосулды ел астанасы Бағдатпен жалғастыратын жолға жақын маңнан табылған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы өте терең шұңқырға Ирак әскерилерінің сүйектерін лақтырып тастаған. 2015 жылдың жазына қарай жихадшылар шұңқырды топырақпен және бетон қабырғалардың қирандыларымен жауып бітеген.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Мосул қаласын 2014 жылы басып алған. Үкімет армиясы қаланы жихадшылардан азат ету операциясын өткен жылғы қазанда бастаған. Осы кезге дейін Ирак әскері қаланың шығыс аудандары мен Мосул әуежайынан ИМ содырларын ығыстырған. Қазір қаланың батыс бөлігінде шайқас жүріп жатыр.

Жихадшылар үкімет күштеріне қарсы күресте мина орнатылған көліктерді, мергендер және қарумен жабдықталған дрондар пайдаланады деп хабарланды.