Түркістандағы арнаулы əлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында туберкулез жұқтырған науқастардың саны 65-ке жетті. Бұл туралы бүгін ОҚО денсаулық сақтау басқармасында басқарма басшысы Мұқан Егізбаев мəлімдеді.
- Бұл мекемеде психоневрологиялық ауруларға шалдыққан 502 науқас тіркелген. Мұнда 2017 жылдың басында 3 науқастың туберкулезге шалдыққаны жайлы күдік пайда болған. 30-қаңтарда бұл расталып, арнаулы əлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының барлық қызметкерлері мен науқастары толық медициналық тексеруден өткізілді. Нəтижесінде туберкулез диагнозы 502 адамның 65-інде расталды, - дейді департамент басшысы.
Қазір науқастардың барлығы Сарыағаш аудандық туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырылған.
Облыстағы 6 арнаулы мекемедегі 1040 науқас тексеріліп жатыр. Қазір олардың жетеуі туберкулезге шалдыққаны анықталды.
Бұдан бұрын 61 науқас туберкулезге шалдыққаны хабарланған. 61 науқастың 52-сі жаңадан, 9-ы бұрын жұқтырған.
Аурудың қайдан және қалай жұққаны анықталып жатыр.
Туберкулез жұқтыруға қатысты бес медицина қызметкеріне шара қолданылып, олардың төртеуі жұмысынан шеттетілген.