Қазақстанда өткен жылы мемлекеттің ақпараттық саясатына 48 миллиард теңге (қазіргі бағам бойынша 150 миллион доллардан астам) жұмсалды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен БАҚ-тың мемлекеттің қаржыландыруы туралы жиында "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының директоры Диана Окремова хабарлады.
Жиында қоғамдық ұйым 2016 жылдың мәліметтері мен соңғы жеті жылға қатысты деректерін ұсынды. Окремованың сөзіне қарағанда, Қазақстанда БАҚ-қа қаржы екі бағыт бойынша - мемлекеттік тапсырма және мемлекеттік тапсырыс арқылы бөлінеді.
- Мемлекеттік тапсырманы жыл сайын он БАҚ алады. Мұндай мәселе мынада - соманың қайдан алынатынын және оның қалай табылатынын біз бақылай алмаймыз. Яғни, бұл БАҚ-тар жыл сайын осы осы қаржыны ешқандай конкурссыз алады. 2010 жылы бұл сома 17 миллиард болса, ең көп бөлінген 2015 жылы ол 42 миллиард теңге, 2016 жылы 41 миллиард болды. Ал биылға 36 миллиард теңге есептелді, - деді Диана Окремова. Ол жұмсалған қаржының тиімділігін дәл бағалайтын критерийлер жоғын айтады.
Астанадағы жиында өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 48 миллиард теңгеге мемлекет жариялаған кейбір лоттарда көрсетілгендей "мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыруға арналған оң материалдар" жасалғаны айтылды.
- Мен отанға деген патриотизм мен сүйіспеншілікті қалыптастыратын материалдар қажет дегенмен келісемін. Бірақ бұл материалдар алға қойған мақсатты қаншалықты орындайды деген сұрақ бар. Біз бұл қызметтің ешқандай нәтижесін көріп тұрған жоқпыз, олар есеп бермейді, - деді Диана Окремова.
Қор басшысы жиында мемлекеттің ақпараттық саясатын орындауға қатысты конкурстың жеңімпазы туралы слайд та көрсетті. Онда өткен жылы 23 миллион теңгеге дін мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру шараларын ұйымдастырып, жүргізуге арналған лотты Kazcommservice компаниясы ұтып алғаны көрсетілген. Бірақ бұл компанияның реестрінде оның "қандай да бір нақтыланбаған тауарларды көтерме бағамен саудалаумен" айналысатыны айтылған. Окремованың сөзіне қарағанда, бұл компания сонымен қатар электр құрал-жабдықтарын дайындау конкурсына да қатысып жатыр.
Жиынға қатысып жатқан ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілдері аталған проблемалардан хабардар екенін және "шенеуніктерді жарнамалаумен" айналыспайтынын мәлімдеді. Министрлік өкілі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, шенеуніктер мемлекеттік ақпараттық саясатын қаржыландыру жағын жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл бойынша тоғыз адамнан құралатын, қоғам өкілдері тартылатын арнайы кеңес құрылады және ол кеңес қай БАҚ-қа қанша қаржы бөлі керегі туралы ұсынысын білдіреді.