Португалия Украинада болған Голодоморды геноцид деп таныды

Голодомор құрбандарына арнап Киевте қойылған ескерткіш.

Португалия парламенті Украинада 20-ғасырдың 30-жылдары болған жаппай ашаршылықты (Голодомор) геноцид деп таныды. Наурыздың 3-і күні қабылданған қарарда Голодоморға «Иосиф Сталиннің тоталитарлық режимі» себеп болғаны айтылған.

Өткен ғасырдың 20-жылдарының алғашқы жартысында бірнеше ашаршылық болған, бірақ солардың ішінде ең үлкен зұлматқа айналған 1932-1933 жылдары болған Голодомор миллиондаған украиндардың өмірін қиған.

Украин тарихшылары Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы мен совет үкіметі украиндардың ұлт-азаттық қозғалысын тұншықтыру және украин шаруаларының бір бөлігін жою мақсатымен ашаршылықты қолдан жасап ұйымдастырған деп санайды. Мұндай бағамен келіспейтін Ресей оны «халықтар арасына іріткі салуға» бағытталған ұстаным деп атайды.

2006 жылы Украина Жоғарғы Радасы украин халқын жаппай қырғынға ұшыратқан ашаршылықты геноцид деп тану туралы заң қабылдаған. 2008 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында бұл мәселені қарауға Ресей қарсылығын білдіріп, тоқтатып тастаған. Бірқатар мемлекеттер, солардың ішінде Австралия, Италия және Балтық бойындағы елдер Голодоморды геноцид деп таныған.