Оралдық азаматтық белсенді Исатай Өтепов өткен түні өзіне шабуыл жасалғанын хабарлады. Өтеповтің Азаттыққа айтуынша, дүйсенбіге қараған түні шамамен сағат бірде әйелімен және жасқа толмаған баласымен бірге қонақтан үйіне қайтып келе жатқанда белгісіз үш адам өзіне шабуылдаған.
- Үйімнің жанында үш жас бала тұрды. Олардың бірі менен фамилиям мен атымды сұрады. Мен мұның арандату болуы мүмкін екенін бірден түсіндім, төбелес басталып кетті. Сосын олар қашып кетті, - деді Исатай Өтепов.
Белсенді төбелес кезінде жұдырығын ауыртып алғанын, ауыр дене жарақатын алмағанын айтады. Өтепов оқиға туралы бірден Facebook-те хабарлады. Белсенді полицияға шағымданбаған. Ол "Арандату саяси көзқарастарым мен әлеуметтік желідегі жазбаларым үшін ұйымдастырылған болуы мүмкін" дейді.
Исатай Өтепов өткен жылы көктемде Оралдың орталық алаңында "жер мәселесі" бойынша бір кісілік наразылық акциясын өткізгені үшін айыппұл салынып, кейін 15 тәулікке қамалған. Өтеповтің сөзінше, бір ай бұрын Қазақстан билігінің бастамаларына қатысты сыни пікірлерін жариялағаны үшін өзін облыстық ішкі істер департаментіне "түсіндіру жұмыстарына" бірнеше рет шақыртқан.