Назарбаев дін саласындағы заңды қайта қарауды ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада дін саласындағы заңдарды өзгерту қажетін мәлімдеді. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы ол дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министр Нұрлан Ермекбаевпен кездесуінде айтты. Кездесуде президент Ермекбаевтың елдегі діни бірлестіктер жұмысы туралы баяндамасын тыңдаған.

"Елімізде барлық діни бірлестіктердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, дін ұстану еркіндігіне кепілдік берілген. Біз бұл саладағы тыныштықты сақтауымыз керек. Сонымен қатар діни экстремизм, мәселелерін тәртіпке салып, заңнаманы қайта қарау керек. Министрліктің алдында қыруар шаруа тұр" деген Назарбаев. Президент діни қауымдастықтармен, үкіметтік емес сектормен және жастар ұйымдарымен жұмыстарды бұдан ары жөнге салу қажетін де айтқан.

Қазақстанда 2011 жылы қабылданған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң бойынша тіркелмеген діни ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Ермекбаевтың мәліметінше, қазір елде 3600-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді және олардың көпшілігі ислам діни бірлестіктері.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда ой-пікір еркіндігін, сөз бостандығын, дін мен ассоциация құқығын шектеуді және сот жүйесі тәуелсіздігінің аздығын адам құқығы саласындағы ең күрделі мәселелер деп санайды.