Бішкекте ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері кездеседі

Бішкек көрінісі (Көрнекі сурет).

Бішкекте бүгін Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдер премьер-министрлерінің кездесуі басталады. Қырғызстан үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында интеграциялық бірлесу аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ. Бішкектегі жиынға қатысуға ЕАЭО-ға мүше өзге төрт ел - Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресейдің премьер-министрлері барды.

Кеше Бішкекте Еуразия үкіметаралық кеңесінің жұмысы аясында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбековпен екі жақты қарым-қатынас және шекара, транспорт-логистикалық және энергетикалық салалардағы ынтымақтастықты талқылаған.

Еуразия үкіметаралық кеңесі Жоғары еуразиялық кеңестің шешімдері мен келісімдерінің іске асырып, бақылау жасау үшін құрылған.

Қазақстан премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін ЕАЭО премьер-министрлері Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездеспек. Кездесу қорытындысында бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.