Ақтөбе: Мұғалжар ауданында діни мәселемен айналысатын орталық ашылды

Ақтөбенің Мұғалжар ауданында аудандық ішкі саясат бөлімінің жанынан жастар арасындағы дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығы ашылды. Бұл туралы бүгін Қандыағашта осы мекеме өткізген дін мәселелеріне арналған жиында хабарланды. Құрамында 15 адамы бар коммуналдық мекеме негізінен дін мәселелерімен айналысады. Қызметкерлер арасында психологтар, заңгерлер теологтар бар. Жиында тұрғындарды "теріс діни ағымдар ықпалынан" сақтандыру, мектепте қыздардың хиджаб киюі және аудандағы балалар арасында екпе салдырудан бас тарту мәселелері қаралды.

Жиынға қатысқан аудан әкімі Ербол Данағұлов бұл мекемеге "айына кем дегенде теріс ағымда жүрген бес адамды дәстүрлі исламға қайтаруға жүктеме берілгенін" айтты. Әкімнің сөзінше, Мұғалжар ауданында "дін жолын ұстанатын, жүйелі түрде мешітке барып тұратын 800 адам бар және олардың 400-і теріс ағымды ұстанады".

Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің ұлттық сараптау орталығы ақтөбе облысы бойынша филиалының басшысы Шалғынбай Жандосов Қазақстанда ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан 10 мыңға тарта бала болса, соның төрттен бірі (2538 бала) Ақтөбе облысында екенін айтты. Ал Мұғалжар ауданында ата-анасы екпеден бас тартқан 353 бала бар. Оның мәліметінше, Ақтөбе облысындағы балалардың 10 пайызының ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан.

Жиынға қатысқан тұрғындар арасында өздерін Мұрат Жұманбетов, Мейрамбек Бижанов деп таныстырған адамдар дін ұстанатынын, балаларына екпе салдыруға қарсы екенін айтты.