Стамбулдағы Нидерланд елшілігінің территориясына кеше наразылық акциясына қатысушы адам еніп, Нидерланд туын Түркияның туына ауыстырып қойды. 11 наурызда Нидерланд мен Түркия арасындағы шиеленістен елшілік "қауіпсіздік шараларына" байланысты уақытша жабылған. Елшілік пен нидерландылық дипломаттардың үйлерінің алдына полиция бекеттері қойылды. Осы шараларға қарамастан, наразы адам дипломатиялық өкілдіктің шатырына шығып алды. Ол туды ауыстырып, "Аллаху акбар" деп айқайлап, одан соң жасырынып қалды. Бірнеше минуттан соң Нидерланд туы орнына қайта орнатылды.
Стамбулдағы Нидерланд елшілігі алдындағы наразылық акциясына жүзге тарта адам барды. Олар Нидерланд үкіметінің Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу мінген ұшақтың қонуына тыйым салғанына наразылықтарын білдірді. Демонстранттар елшілік алдына қара түсті гүлдесте қойып, "Нидерланд, біздің төзіммен ойнама" деп ұрандатты.
Роттердамда да Түркия елшілігінің алдында өткен осыған ұқсас митингіге бірнеше жүз адам шықты. Нидерланд сыртқы істер министрлігі Стамбулдағы туға қатысты мәлімдеме жасап, оқиғаны "түсініксіз" деп атады. Нидерланд сыртқы істер министрлігі түрік билігі Түркиядағы Нидерланд елшілігінің қауіпсіздігіне толық жауапты деп санайды.