Нидерландыда 15 наурызда өткен парламент сайлауында премьер-министр Марк Рюттенің оңшыл Еркіндік және демократия партиясы жеңіске жетті. Соңғы мәліметтер бойынша, Еркіндік және демократия партиясы парламенттегі 150 орынның 31-ін иеленеді. Бұл - 2012 жылғы сайлаудан 10 орынға аз. Дегенмен, бұл көрсеткіш қоғамдық пікірге негізделген болжамнан кәдімгідей асып түсті.
Рютте осымен 2010 жылдан бергі үшінші кабинетін жасақтауы әбден мүмкін. Ультра оңшыл саясаткер Герт Вилдерстің Еркіндік партиясы парламенттегі орнын 15-тен 19-ға ғана артырып, болжанған депутаттық мандатқа ие бола алмады. Бұған дейін қоғамдық сауалнама бойынша бұл партия 30 орынға дейін болады деп болжанған еді.
Герттің партиясымен бірге екінші орында Христиан-демократтар үндеуі партиясы мен 66 демократтары партиясы тұр. Бұл екі партияның мандаттары да бұған дейінгі сайлауда алған мандаттарына қарағанда көбейді.
Рюттенің коалициядағы серігі Жұмысшы партиясы бұл жолы парламентте күткендегідей мандатқа ие бола алмай, керісінше тым аз орын алып қалды. Партия бұған дейінгі парламентте 38 орынға ие болса, бұл жолы 9-ақ орынды иеленді.