Ұлыбритания: Лордтар палатасы "Магнитский түзетуін" мақұлдады

Сергей Магнитскийдің бейнесі басылған төсбелгілер.

Ұлыбритания парламентінің лордтар палатасы соттың кез-келген елдегі адам құқығын бұзған шетелдіктің активтерін бұғаттауына рұқсат беретін "Магнитский түзетуі" деп аталған заң жобасын мақұлдады. Ұлыбритания АҚШ пен Эстониядан кейін үшінші болып Мәскеуде қаза тапқан Hermitage Capital инвестициялық қорының заңгері Сергей Магнитскийдің атымен аталатын "Магнитский заңын" қабылдады.

Қабылданған заңға өзгерістер енгізу жобасы өткен жылы қазанда ұсынылған қаржы саласындағы қылмыстық істер туралы заң жобасын толықтырады. Өзгерістер қылмыстық әрекет арқылы табылған қаржыны бақылауды қатаңдатады.

Британ парламенті қабылдаған "Магнитский түзетуі" 2012 жылы АҚШ-та қабылданған "Магнитский актісіне" ұқсайды. АҚШ заңдары бойынша, адам құқығын бұзуға жауапты адамдарға жекелей санкция салынады. "Магнитский актісі" бойынша санкция салынғандар арасында Мәскеу абақтысында Сергей Магнитскийдің қаза табуына қатысы бар делінген ресейлік шенеуніктер бар. "Магнитский актісі" бойынша санкцияға ілінгендердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынған. Мұндай заң 2016 жылы Эстонияда да қабылданған.