Орал прокуратурасы: Көп қабатты үйлерге бақылау камераларын орнату керек

Оралдағы орталық көшелердің біріне ортанылған бақылау камерасы. 16 наурыз 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы өзінің "Жинақы бейне бақылау" бағдарламасының аясында көп қабатты үйлердің тұрғындарының қаржысына үйлердің аулалары мен подъездеріне бейне камераларын орнатуды ұсынды. Бұл туралы бүгін Азаттыққа БҚО прокуратурасының заңдылықты қадағалау және тергеу басқармасының бастығы Азамат Сәтбаев брифинг кезінде айтты.

- Біз "Қазақтелеком" компаниясымен бірлесіп подъездерге камералар қойғымыз келеді. Бір камера подъездің алдына, екіншісі сол подъездің бірінші қабатына қойылады, - деді Азамат Сәтбаев.

Оның сөзінше, камераны орнату және оған қызмет көрсету шығыны әр пәтер үшін айына 350 теңгені құрамақ. Бейне жазба "Қазақтелекомның" жергілікті филиалында жиналып, бір апта сақталады".

Облыс прокуратурасының мәліметінше, облыста 2016 жылы жасалған қылмыстың жартысынан астамы - ұрлық (бес мыңнан астам факт), олардың 30 пайыздан астамы - пәтер ұрлығы.

Өткен жылы қыркүйекте Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев қалалық мәслихаттың сессиясында билік Оралда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 200 бейне бақылау камерасын орнататынын хабарлаған. Билік бақылау камераларын "құқық бұзушылықтың алдын алу үшін" халық көп жиналатын орындарға орнататынын айтады.