Шымкентте жергілікті белсенді Руслан Жанпейісов "бопсалау" айыбымен екі айға қамалды деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың Азаттыққа айтуына қарағанда, Жанпейісов өткен аптада ұсталып, Наурыз мерекесінің алдында Абай аудандық сотының санкциясымен екі айға қамалған.
ІІД мәліметіне қарағанда, Жанпейісов жәбірленушіден "видеокамераға түсірілген бейна материалын интернетке жариялайтынын айтып, ақша бопсалаған". Полиция күдіктінің "жәбірленушіден 50 мың теңге ақша алып тұрған жерінде ұсталғанын" айтады.
Бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 253-бабының 5-тармағы 3-бөлімі ("параға коммерциялық сатып алу") бойынша іс қозғалып, соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Наурыздың 20-сы күні "ОСА" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Лазута Шымкентте ұйымның бұрынғы мүшесі Руслан Жанпейісовтің ұсталғанын хабарлаған. Ол белсендінің ұсталғаны "қоғамдық бірлестік үшін қатты соққы болып тигенін" айтқан.
"ОСА" бірлестігі республика аумағында жолда жүру ережелерінің бұзылуына қоғамдық бақылау жасайды.