2016 жылғы жаңа жыл түні Германияның Кельн қаласында әйелдерге қарсы жасалған жаппай шабуылдарды зерттеу жөніндегі комиссия қорытынды есебін жариялады. Онда тергеушілер полиция мен оның басшылығының жұмысын сынаған.
Құжатта «полиция қызметкерлері қалада болып жатқан оқиғаларға жедел іс-қимылмен араласуы тиіс еді» делінген. Сонымен бірге комиссия полиция қызметкерлерінің басшылықпен коммуникациясы нашар болғаны және әйелдер шабуылға ұшыраған вокзал маңындағы алаңның күзеті жеткілікті дәрежеде жоспарланбағаны айтылған.
2016 жылдың басында Кельн қаласы полициясына әйелдерден жаңа жыл түні шабуылға, тонау мен зорлауға ұшырағаны туралы мыңнан астам арыз түскен. Зардап шеккендер шабуылды Оңтүстік Азия немесе Солтүстік Африка елдерінен келгендер жасады деп сипаттаған. Мұндай шабуылдар Германияның өзге қалаларында да болған.
2017 жылғы қаңтардың 1-іне қараған түні полиция Кельн қаласының орталығында бір жарым мыңнан астам адамды – негізінен Таяу Шығыстан келгендерге ұқсайтын азаматтарды тоқтатып, тексерген; жүздеген адамға жаңа жылдық шаралар өтіп жатқан аудандардан кетіп қалу туралы нұсқау берген.
Кейбір саясаткерлер мен құқық қорғаушылары құқық органдары қызметкерлерінің іс-әрекетін айыптаған. Германия канцлері Ангела Меркель полицияның жүргізген шараларын құптаған.