АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі: Асадтың сайлауға қайта түскенін қолдамаймыз

Никки Хейли, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Вашингтон Сирия президенті Башар Асадты "әскери қылмыс жасады" деп білетінін және оның Сирия басшысының сайлауына қайта түскеніне қарсы екенін мәлімдеді.

3 сәуірде өткен баспасөз конференциясында Хейли Асадтың "бейбіт келісімге ұзақ уақыт бойы кедергі болып келгенін" және оның сириялықтарға қатысты ұстынымы "жиіркенішті" екенін айтты.

"Біз халық Асадты енді ұнатады деп ойламаймыз. Біз оны халық қалайтын адамға айналып бара жатыр деген ойда емеспіз" деді Хейли.

Асад билікте қалуы керек пе әлде кетуі тиіс пе деген мәселе Сириядағы алты жылға созылған соғысты тоқтату келіссөзіндегі басты кедергі болып отыр.

2011 жылы тамызда АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама Асад биліктен кетуі тиіс деп мәлімдеген. 2015 жылы АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джон Керри де Асадты кетуі тиіс, бірақ оның биліктен кету уақыты келіссөзде талқылануы мүмкін екенін айтқан.

Хейли 31 наурызда президент Дональд Трамптың әкімшілігі Асадты биліктен кетіру стратегиясын көздеп отырмағанын мәлімдеген. Мұның алдында АҚШ билігінің өзге де өкілдері Вашингтон қазір Сириядағы соғысты тоқтату және "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымын қиратуға көңіл бөліп отырғанын мәлімдеген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон 30 наурызда Асадтың болашақтағы тағдыры Сирия халқының өзіне байланысты екенін мәлімдеген.

Журналистер осыған байланысты 3 сәуірдегі брифингте бұл мәлімдемелер Вашингтон Асадтың Сирия президенті сайлауына қайта түскенін қабылдайды дегенді білдіре ме деп сұраған. "Жоқ, ол АҚШ Асадтың сайлауға қайта түскенін қалайды дегенді білдірмейді" деді Хейли.

Женевадағы БҰҰ ара ағайындық жасаған келіссөздер Сириядағы 2011 жылы басталған азаматтық соғысты тоқтатуда айтарлықтай табысқа жете алмады. Асад билігіне қарсы жаппай толқудан басталған азамат соғысында 300 мың адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті.

Сириядағы соғыста АҚШ пен Түркия Асад үкіметімен соғысып жатқан түрлі топтарды, ал Ресей мен Иран Асадты қолдайды. Қақтығысқа киліккен ИМ екі жаққа да арсы соғысып жатыр.