Мұхамедиұлы: Халықтың 82 пайызы қазақ тілін меңгерген

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан мәдениет және спорт министрі.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы үкімет отырысында 2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 82 пайызға жеткенін мәлімдеді. Министрдің сөзінше, статистикалық мәліметтер үкіметтің тапсырмасымен құрылған, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын "Қазтест" жүйесінің қорытындысына негізделген. Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, 2016 жылы тілдік сынақтан 73 мың адам, оның ішінде 40 мың мемлекеттік қызметкер өткен.

Министрдің ақпараты бойынша, 2014 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 72,1 пайыз, 2015 жылы 76,3 пайызды құраған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы үкімет отырысында Қазақстанда мемлекеттік тілді үйрететін 87 оқу орталығы жұмыс істейтінін, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқару органдарында мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 91 пайызға жеткенін айтты. "Бірақ есеп және статистика мен қаржылық құжаттар мемлекеттік тілге өтпей тұр" деді министр.

Қазақстанда мелмекеттік тіл - қазақ тілі. Тіл туралы заңда "мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару ұйымдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі де қолданылады" делінген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы заң талаптарын орындап, азаматтар мен ұйымдарға жауапты қолданыстағы тілде беруге шақырған. Қазақстанда кейбір белсенділер қазақ тілі кемсітуге ұшырайды және билік пен экономикада орыс тілі басымдыққа ие деген пікірді ұстанады.

Қазақстан халқының саны ресми статистика бойынша 17 миллион 900 мыңды құрайды. 2009 жылы жүргізілген санақ бойынша, халықтың 66,48 пайызын қазақтар құрайды.