Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Коррупциямен күрес қорының (ККҚ) өзіне қатысты коррупциялық зерттеулерін "орынсыз соқтығу" деп атап, зерттеудің "нақты саяси мақсаты бар адамдарға" тиімді екенін мәлімдеді. Бұл туралы Медведев "Тамбовский бекон" кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесуінде айтты.
Медведев ККҚ-ның зерттеуін "адамдарды көшеге алып шыққысы келетін жекелеген инвесторлар қаржыландырғанын" мәлімдеді. Ол зерттеуде келтірілген материалдарды "былжырақ және құр қағаз" деп, зерттеудің өзін "компот" деп атады.
ККҚ заңгері Любовь Соболь қордың Медведевтің жауабына қанағаттанбайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, үкімет басшысы Навальныйды саяси күрес жүргізіп жатыр деп айыптамай, нақты фактілерімен жауап қатуы тиіс.
Өткен аптада Ресей президенті Владимир Путин Ресей қалаларында 26 наурызда өткен коррупцияға қарсы акцияларды Украинадағы Еуромайдан мен "Араб көктеміне" теңеген. Путин коррупция мәселесі қоғам назарында қала беруі тиіс екенін, бірақ оны "саяси аренада, сайлау қарсаңында" пайдалануға болмайтынын айтқан.
Наурыздың басында ККҚ Дмитрий Медведевтің "элиталық жылжымайтын мүліктері бар" деп тұжырған зерттеуін жариялаған. Медведев коррупциялық айыптауға жауап бермеген соң Алексей Навальный 26 наурызда қарсылық акцияларын өткізуге шақырып, наразылық шерулері Ресейдің ондаған қаласында өтті.
Алексей Навальный бұған дейін 2018 жылы өтетін Ресей президенті сайлауына түспек ниеті барын мәлімдеген.