Ресей Санкт-Петербург қаласындағы теракт кезінде қаза тапқан қазақстандық студент Максим Арышевтің туыстарына екі миллион рубль (11 миллион теңге) көлемінде өтемақы төлейді деп хабарлады Tengrinews агенттігі Ресейдегі Қазақстан елшілігіне сілтеме жасап.
Ақпаратта қазақстандық жігіттің туыстарына бір миллион рубльді Санкт-Петербург билігі, қалған соманы Ресей үкіметі төлейтіні айтылған.
Максим Арышевтің сүйегін Қазақстанға жұма, сәуірдің 7-і күні таңертең «Эйр Астана» әуе компаниясы ұшағы Алматыға жеткізеді деп хабарланды. Марқұмның сүйегін жеткізуді және туыстарының жол шығынын «Эйр Астана» әуе компаниясы толық өз мойнына алады деп хабарлайды Tengrinews.
Сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербург қаласындағы метрода жасалған теракт кесірінен 14 кісі қаза тауып, 50-ге жуық адам жараланған.