Ресейде Азаттық журналистеріне жасалған шабуыл бойынша іс қозғалды

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Андрей Костянов (сол жақта) пен Сергей Хазов-Кассиа.

Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Кропоткин қаласында Азаттықтың Орыс қызметінің (Радио Свобода) журналистеріне шабуыл жасалғаннан кейін тонау бабы бойныша қылмыстық іс қозғалған. Алайда тергеу органы бұл шабуылға өздерінің кәсіби қызметі себеп болғаны туралы бірнеше рет айтқан зардап шегушілердің арыз-өтініштерін елеусіз қалдырған. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Сергей Хазов-Кассиа хабарлады.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі журналистерге шабуылға полиция қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін екендігі жайлы болжам айтылған сауалға түсініктеме бермеді. Әңгіме Кавказ ауданы бойынша полиция бөлімінің бастығы Александр Малюков жайында болып отыр. Зардап шеккен журналистер тергеу бөлімінде түсініктеме беріп отырған шақта олар түскен қонақ үй бөлмесіне шабуыл кезінде тілшілерден ұрланған заттардың бір бөлігін әлдекімдердің әкеліп тастап кеткенінен Малюков хабардар болған деген болжам бар.

Осындай сауал Ресей ішкі істер министрінің көмекшісі, министрліктің ресми өкілі Ирина Волкқа да жолданған, бірақ одан әлі күнге жауап жоқ.

Наурыздың 28-і күні таңертең Кропоткиндегі фермерлер наразылығынан хабар дайындауға барған Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Сергей Хазов-Кассиа мен Андрей Костянов шабуылға ұшыраған. Журналистер қонақ үйден шыққан кезде жүздеріне бетперде киген бірнеше адам тап беріп, екеуін соққыға жыққан. Олар тілшілердің компьютерлерін, бейнеге түсіру құралдарын және жеке заттарын алып, шағын автобусқа отырып қашып кеткен. Сол күні белгісіз адамдар ұрланған техниканың бір бөлігін Костянов түскен қонақ үйдің бөлмесіне жасырын тастап кеткен.

Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосы президенті Томас Кент кәсіби міндеттерін атқарып жүрген журналистерге жасалған «қарақшылық шабуылды» айыптап, бұл оқиға бойынша тергеу жүргізуді талап еткен.