Алматыда бүгін Қазақстан президенті іс басқармасы медициналық орталығының орталық клиникалық ауруханасында Санкт-Петербург метросындағы терактіден қаза тапқан алматылық Максим Арышевпен қоштасу рәсімі өтті.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сағат 10-да басталған қоштасу рәсіміне екі жүзге тарта адам - Арышевтың туыстары, жолдастары, сыныптастары, сабақ берген мұғалімдері келді. Қоштасу рәсімінен соң оны Алматы маңындағы зираттардың біріне жерлеуге алып кетті.
Максимнің анасы Ирина Арышеваның Азаттыққа айтуынша, ұлы Алматыда жекеменшік мектепте оқыған. Мектепті бітірген соң Санкт-Петербургке оқуға кеткен. Санкт-Петербург мемлекеттік экономика университетінде үшінші курсында оқып жүрген Максим оқуын бітірген соң Қазақстанға қайтып келіп, IT саласында жұмыс істегісі келген.
Ата-анасы мен мұғалімдерінің айтуына қарағанда, метрода теракт болған сәтте Максим жарылған бомбаға өте жақын жерде болып, қатты соққы алған.
Санкт-Петербургте 3 сәуір күні күндіз метроның "Сенная площадь" және Технология институты" станцияларының арасында вагонда жарылыс болған. Жарылыстан 14 адам, оның ішінде қазақстандық студент Максим Арышев те қаза тапты, 50-ге жуық адам жараланды.