Тұтқындағы Жанболат Мамайды қолдау акциясы өтіп жатыр

Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Сәуірдің 8-і күні қазақстандық азаматтық белсенділер "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің ісіне байланысты қылмыстық айып тағылып, тергеу кезінде қамауда отырған оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қолдау акциясын өткізіп жатыр.

Әлеуметтік желілерде #MAMAYFEST хэштегімен өтіп жатқан шараға қатысушылар Қазақстан билігінен Жанболат Мамайды абақтыдан босатып, оны қудалауды доғаруды талап етеді. Бүгінгі акцияға Қазақстан тұрғындарымен бірге шетелде тұратын азаматтар да қатысып, түрмедегі белсендіге қолдау танытып жатыр.

28 жастағы Жанболат Мамай ақпанның 11-інен бері Алматыдағы тергеу абақтысында отыр. Осы айдың басында Алматы соты оны қамауда ұстау мерзімін мамырдың 10-ына дейін ұзартқан. Тергеу орындары Жанболат Мамайға бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің "ұйымдастыруымен БТА Банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген айып таққан.

Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды және бұл істің саяси астары бар деп санайды.

2009 жылдан бері Еуропада қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Бұған дейін қазақстандық қоғам қайраткерлері ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, Жанболат Мамай мен "түрлі уақытта саяси көзқарастары үшін сотталып, қазір жазаларын өтеп жатқан басқа да азаматтарды" босатуды талап еткен.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар да Қазақстан билігін Мамайды тұтқыннан босатуға шақырған.