Ресейде пойыз апатынан 50 адам зардап шеккен

Темір жолдағы апат болған жер. Мәскеу, 9 сәуір 2017 жыл.

Ресей астанасының батысында сенбі күні халықаралық жолаушылар пойызы мен қала маңына жүретін электр пойызы соқтығысып қалғаннан кейін 50 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұл туралы Ресей төтенше жағдайлар министрі Владимир Пучковке сілтеме жасап ТАСС агенттігі хабарлаған. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен 12 адам ауруханаға түскен.

Сәуірдің 8-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 22:16 шамасында Мәскеудегі Фили-Кунцево 1 темір жол торабында «Мәскеу-Брест» жолаушылар пойызы қала маңына қатынайтын «Мәскеу-Усово» электр пойызымен соқтығысып қалған.

Your browser doesn’t support HTML5

Мәскеуде екі пойыз соқтығысып қалды

Ресми органдардың мәліметі бойынша, «Мәскеу-Брест» пойызында 455 жолаушы болған. Апат салдарынан жолаушылар пойызының локомотиві және электр пойыздың үш вагоны темір жолдан шығып кеткен. Төтенше оқиға болған жолда бірнеше сағатқа пойыз қозғалысы тоқтатылған.

Темір жолдағы апат туралы Ресей президенті Владимир Путин дереу хабардар болды деп мәлімдеген оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге.

Ресей тергеу комитеті бұл оқиғаның мән-жайын тексеруге кіріскен.