"Эйр Астана" компаниясы бүгін таңертең Алматыдан Дубайға қатынайтын KC895 рейсінің техникалық себептерге байланысты Алматы әуежайына қайта оралғанын забарлады. Компания ақпаратына қарағанда, ұшақ әуежайға сағат 8:33-те қонған. "Ұшқыш халықаралық қауіпсіздіктің барлық процедураларын сақтады. Ұшақ ауыстырылып, рейс сағат 10:15-те қайта ұшырылады" делінген компания хабарламасында.
Ұшақта 133 жолаушы болған. Ұшақтың қайта қонуына нақты қандай ақау себеп болғаны айтылмайды.
Өткен айда "Эйр Астана" компаниясы ұшағынан рейс кезінде екі рет ақау шыққан. 5 наурыз күні Астана-Алматы бағытында ұшатын "Боинг-757" жолаушылар ұшағы Алматы әуежайына сол жақ қозғалтқышы ажыраған күйі қонған. 3 наурыз күні Алматыдан Оралға ұшып шыққан КС-881 рейсі ұшақ қозғалтқышының ауа тарату жүйесінде ақау шығып, Ақтөбе әуежайына қонған.