Астанада "Орал-Дизайн-Стройсервис" компаниясының үлескерлері Жоғарғы сот алдында наразылық акциясын өткізіп жатыр.
Сот алдына жиналған ондаған адам "Орал-Дизайн-Стройсервис" компаниясына осыдан бес жыл бұрын пәтер салып беру үшін ақша салғандарын, бірақ үйлерін әлі ала алмай жүргендерін айтады. Олар компанияны бес жылға дейін реабилитация жасауға қарсы. Үлескерлердің сөзінше, компания директоры Кеңес Жұмабеков наурыздың басында қамауға алынып, үстінен "алаяқтық" және "қаржы жымқыру" баптары бойынша іс қозғалған. Бұдан соң компания басшылығы үлескерлерге үй салып беру үшін бес жылға реабилитацияға уақыт сұраған. Үлескерлер егер сот компанияны реабилитацияласа, онда компанияны банкрот деп тану ықтималдығы күшейіп, мүлдем үйсіз қалуы мүмкін екенін айтады.
Үлескерлермен сөйлесуге соттан ешкім шықпады. Жиналғандар араларынан бес адам сот ғимаратына кіріп кеткенін айтады.
Үлескерлер ақпан айында Кеңес Жұмабековті қамауға алуды, компанияны банкрот деп танымауды және компаниямен арадағы дауға қатысты істі қайта тергеуге жібермеуді талап еткен.
Үлескерлердің Азаттыққа айтуынша, Оралда тіркелген "Орал-Дизайн-Стройсервис" 2008 жылдан бері Астанада 750-дей үлескерге арнап жартылай мемлекеттік бағдарламамен көп қабатты 13 үй салуы тиіс болған. Содан бері 13 үйдің 9-ының 80 пайызы салынған, қалған төртеуінің құрылысы басталмаған. Наразылар сонымен қатар кейбір пәтерлер екі адамға бірдей сатылып кеткенін айтады.
Прокуратураның ақпараты бойынша, "Орал-Дизайн-Стройсервистің" құрылыс басқармасынан алған және инвесторлардан жинаған қаржысының жалпы көлемі 7,9 миллиард теңгеден асады.
Үлескерлер егер компнаия банкрот деп танылса, онда өздерінің үйсіз қалатынын, себебі пәтерлерін компания қарыз алған банктер тартып алатынын айтады.
80-ге тарта адам жиналған акцияны полиция сырттай бақылап жүр, оқиға орнына үлкен полиция көліктері әкелінген.