Ресейлік миллиардер Әлішер Усманов оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен ол басқаратын Коррупциямен күрес қорына (ККҚ) қарсы шағым түсірді. Бұл туралы РИА "Новости" хабарлады. Шағым Мәскеудің Люблинский аудандық сотына 12 сәуір күні кешке түскен. Усмановтың шағымында не талап еткені айтылмайды, шағымды қарау мерзімі әзірге белгіленбеген.
Әлішер Усманов бұған дейін ТАСС агенттігіне Навальныйды "жала жапқаны" және "жаман атқа қалдырған жарияланымдары" үшін сотқа беретінін мәлімдеген.
Наурыздың басында ККҚ Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің "құпия империясы" туралы зерттеуін жариялаған. Онда Усмановтың Медведевпен байланысы бар "Соцпроект" қорына Рублевский шоссесінде орналасқан, құны бес милилард рубль болатын жер телімі мен үйді бергені айтылған. Усманов аталған үй-жайды теңдей келісім негізінде бергенін айтады. ККҚ өздерінде пара берілгенін растайтын құжаттары барын және оны сотта көрсетуге даяр екенін айтады.
Бұған дейін Алексей Навальный Усмановтың абыройы мен қадыр-қасиетін қорғау туралы шағымы биліктің өзіне және ККҚ-ға қысымына айналатынын жоққа шығармаған.
Навальный қоры жүргізген зерттеудің қорытындылары Рсеейде 26 наурызда Мәскеу мен бірнеше қалада коррупцияға қарсы жаппай қарсылық акцияларына түрткі болған.