"Жас кәсіпқойлар қоғамы" (ЖКҚ) қоғамдық ұйымының жетекшісі, азаматтық белсенді Олеся Халабузарь бүгін Азаттыққа кеше кешке өзін Алматы қалалық ішкі істер департаментіне (ІІД) тергеуге шақырғанын хабарлады. Халабузарьдың Азаттыққа телефонмен айтуына қарағанда, тергеуде өзіне қатысты "ұлтаралық алауыздықты қоздыру" бабы бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан.
Халабузарьді полицияға шақыртқанын Азаттыққа оның адвокаты Серік Айтбаев растады. Ол Халабузарьмен бірге тергеуге қатысқан. Халабузарь өзінен тергеуші шақырту жібергенде тергеуге міндетті түрде баратыны туралы қолхат алғанын айтады.
Олеся Халабузарь сонымен қатар өткен жылы желтоқсанда А.А есімді әлдебір азаматтың шағымы бойынша қозғалған, өзінің қатысы бар делінген істе қорғану құқығы бар куәгер мәртебесіне ие. Адвокат сот алды тергеу аясында сот 2 наурызда тінтуге санкция бергенін, сол күні кешке "Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамының" кеңсесі мен Халабузарьдің үйінде және оның анасы Наталья Никитенконың пәтерінде тінту жүргізілгенін айтты. Тінту кезінде тәркіленген құжаттарға жаңа сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша Халабузарь "ұлтаралық алауыздықты қоздырды"деген күдікке ілінген.
ІІД баспасөз қызметінде Азаттыққа Олеся Халабузарьға қатысты қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
23 ақпанда Халабузарьді полиция ұстап, Алматы қалалық ІІД-ге апарып, тоғыз сағаттай уақыт ұстаған. Халабузарь ол кезде Азаттыққа полиция өзінен конституциядағы меншік құқығын реттейтін 26-бапты өзгертуге қарсы наразылық акциясын өткізуді жоспарлауға қандай қатысы барын білгісі келгенін айтқан. 23 ақпанда Алматының орталығында өтуі тиіс болған бұл акция болмай қалған.
Қазақстан парламенті өткен айда мақұлдап, президент қол қойған конституцияға өзгерістер енгізу жобасында 26-бап өзгертілмей қалған.