Ақтөбеде Елек өзені жағалауындағы 45 үйді су басып, құтқарушылар апат аймағынан 227 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Бұл туралы баспасөз құралдары өкілдеріне Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бастығы Бауыржан Сыздықов хабарлады.
Елек – Ақтөбе қаласының іргесіндегі шағын өзен. Оның жағалауындағы саяжайларда негізінен баспанасыз адамдар тұрады. «Жыл сайын көктемде су тасығанда қауіп төнетін бұл аумақта қазір құтқарушылар жұмыс істеп жатыр» дейді Бауыржан Сыздықов.
Төтенше жағдайлар қызметі өкілінің мәліметінше, еріген қар суы мен жұма күні толассыз жауған жаңбыр салдарынан қала іргесіндегі шағын өзендердің барлығының арнасы суға толып кеткен.
Сәуірдің 14-17 аралығында қала маңындағы шағын өзендерде су деңгейі көтерілетіндігі туралы төтенше жағдайлар қызметі алдын ала ескерткен болатын. Осы аптада Елек өзеніндегі су деңгейі 20 сантиметрге, Сазды өзенінде - 35 сантиметрге, Қарғалыда - 60 сантиметрге дейін көтерілген. Осыған байланысты құтқарушылар жағалауға жақын саяжайларды аралап, 600 адамды тасқын қаупі жайлы хабардар еткенін айтады. Олардың сөзінше, тұрғындардың 90 пайыздан астамы қауіпсіз жерге көшуден бас тартқан.
Төтенше жағдайлар қызметі көктемгі тасқын кезінде қауіпті аймаққа бармауды, әсіресе ойын балаларына сақ болу қажеттігін ескертеді. Ақтөбенің іргесіндегі Жаңақоныс ауылында тұратын төртінші сынып оқушысы 9 жасар Біржан Ерсайыновты полиция, құтқарушылар мен туған-туыстары екінші күн бойы іздестіріп жатыр. Сәуірдің 13-і кешкісін «ойнап келемін» деп үйінен тысқа шығып кеткен баланы қатты ағыс алып кеткен болуы мүмкін деген де болжам бар. Ақтөбе облыстық ТЖД көктемгі қар суынан Жіңішке өзенінің деңгейі көтеріліп, ағысы күшейгендіктен жоғалған баланы іздестіру қиындап кеткенін хабарлайды.