Атырауда "мұнай ұрлаумен айналысты" делінген күдіктілер ұсталды

Мұнай (Көрнекі сурет).

Атырау облысының күш құрылымдары "мұнай ұрлаумен айналысқан трансұлттық қылмыстық ұйымның мүшелері" делінген 14 күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Облыс прокуратурасының 17 сәуірде таратқан хабарламасында күдіктілердің 14-15 сәуірде жүргізілген рейд кезінде ұсталғаны айтылады. Рейдтердің қай жерлерде жүргізілгені хабарланбағанымен, топ құрамында Қазақстан және Ресей азаматтары бары айтылады.

Ұсталғандар ондаған тонна мұнайды көліктермен мемлекеттік шекарадан "жалған құжаттар" арқылы шығармақ болды деген күдікке ілінген.

Күдіктілер "Атырау облысындағы кеніштерден ұзақ уақыт мұнай ұрлап келген" деп хабарлайды жергілікті БАҚ. Бұл фактіге қатысты төрт бап, оның ішінде қылмыстық қауымдастық құру, мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдап, сату баптары бойынша тергеу басталған.