БАҚ-тың хабарлауынша, ExxonMobil компаниясы Қара теңіз жағалауында бұрғылау жұмыстарын қайта бастау үшін АҚШ-тың Мәскеуге қарсы салған санкциясынан Ресейдің мемлекеттік "Роснефть" компаниясымен жасалған келісімді алып тастауға өтініш берді. Техастағы ірі мұнай компаниясы, АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон басқарған ExxonMobil Ресей Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алған соң Мәскеуге қарсы санкциялар салуға о бастан қарсы болған. Тиллерсон өзі мемлекеттік хатшы болған соң санкцияларды қолдаған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тиллерсонның ExxonMobil-ге қатысты кез-келген мемлекеттік шешім қабылдаудан өздігінен бас тартқанын хабарлап, мемлекеттік департамент президент әкімшілігінің компания атынан түскен өтінішке жауап дайындауға қатысатынын айтты.
Санкциялар бойынша, америкалық компаниялардың Ресейге бұрғылау жұмыстарына қажетті алдыңғы қатарлы технологияларды жеткізуіне тыйым салынған. Санкция енгізілген соң ExxonMobil компаниясына Ресейдің солтүстік жағалауындағы Кар теңізінде бұрғылау жұмыстарын тоқтатуға пәрмен берілген. "Роснефть" басшысы Игорь Сечин АҚШ-тың санкция салынған адамдар тізіміне іліккен.
Exxon Mobil-дің ұйғарымынша, егер өзіне санкцияға қатысты жеңілдік жасалмаса, я шетелдік бәсекелестеріне де өз елдерінің үкіметтері осындай шектеу шараларын қолданбаса онда компания Қара теңізде мұнай барлау құқығынан айырылады. ExxonMobil келісім санкциядан шығарылмаса бір миллиард доллар шамасында шығынға бататынын айтады.