Бішкекте қамаудағы Текебаевтың жақтастары акция өткізді

Саясаткер Омурбек Текебаевтың жақтастары парламент алдында акция өткізіп тұр. Бішкек, 20 сәуір 2017 жыл.

Бішкекте бүгін парламенттегі "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі, қамауда отырған Омурбек Текебаевты қолдаған акция өтті. Митингіге қатысқандар коррупция және алаяқтық қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген саясаткерді босатуды талап етті.

Парламент алдында өткен акцияға Азаттықтың Қырғыз редакциясы тілшісінің есептеуінше 50 шақты адам қатысты. Жиналғандар - азаматтық белсенділер, "Ата Мекен" фракциясының депутаттары мен Саяси тұтқындарды қорғау комитетінің мүшелері.

Митингіге қатысқандар сонымен қатар билікті күшпен басып алмақ болды деп айыпталған өзге де оппозициялық саясаткерлерді босатуды талап етті. Милиция акцияға рұқсат берілмегенін айтады. Ішкі істер органы қызметкерлерінің сөзінше, сот Бішкекте Горький атындағы саябақтан өзге жерде 25 сәуірге дейін митингілер өткізуге тыйым салған.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қарсыласына айналған бұрынғы серігі Омурбек Текебаев 26 ақпанда Бішкек әуежайында ұсталып, 27 ақпанда екі айға қамалған. 9 наурызда Бішкек қалалық сотының апелляциялық алқасы оны қамауда қалдырған.

Биліктің ұйғарымынша, Текебаевқа қарсы іс оның премьер-министр болып тұрғанында "ресейлік бизнесменнен миллион доллар пара алуымен байланысты қозғалған. Текебаевтың жақтастары билік саясаткерді биыл қарашада өтетін президент сайлауы қарсаңында билікке қарсылардың үнін өшіру үшін қудалап отыр деп санайды. "Ата Мекен" Текебаевты ол қамалған соң ұзамай президенттікке кандидат етіп ұсынған.

17 сәуірде Бішкек соты билікті күшпен басып алмақ болды деп айыпталған оппозиционерлер Бектур Асанов, Кубанычбек Қадыров, Дастан Сарыгулов және Эрнест Карыбековті 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімдерге соттаған.