Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің тасуына байланысты Петропавл қаласының маңындағы Заречный кентінен тұрғындарды эвакуациялап жатыр деп хабарлайды Tengrinews сайты Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап. Тұрғындарды Заречный кентіндегі жотада орналасқан орта мектеп ғимаратына орналастырған.
Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты құтқару қызметі Солтүстік Қазақстан облысында ескерту жариялады деп хабарлайды «Қазақпарат».
«Тасқын маусымы облысымызда аса күрделі болып отыр, Сергеев су қоймасындағы су деңгейі рекордтық межеге – 3,48 метрге дейін көтерілген. Су жылдам қайтып жатыр, бірақ ағыспен Петропавлға жетіп қалды. Тұрғындарды тасқын қаупі туралы ескертіп, Заречный мен Кожзавод кенттерінен жұртты эавкуациялық пункттерге көшіру керек» деген Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығы Павел Филипповтың сөзін келтіреді «Қазақпарат».
Биылғы көктем кезінде Қазақстанның бірнеше облысында тасқын салдарынан ондаған елді мекенді су алды. Мыңдаған үй су астында қалып, мыңдаған адам көшірілді. Тасқын болған аудандарда бірнеше адам қазаға ұшырады.