Қарағандыда робот жасаушылар фестивалі басталды

Робот жасаушылар фестиваліне қатысушы астаналық мектеп оқушылары Саламат Қуанғанов (сол жақта) пен Егор Кадацких. Қарағанды, 22 сәуір 2017 жыл.

Бүгін Қарағанды қаласында жұмысын бастаған «RoboLand-2017» үшінші халықаралық робот техникасы фестиваліне Қазақстан мен Ресейден әртүрлі мектеп пен колледждерден, жеке меншіrробот техникасы клубтарынан барлығы 800-ге жуық оқушы қатысты. Фестивальде балалар жинап, құрастырған жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.

- Серігім Әділбек Ардақ екеуміз сумошы робот жасап шығардық. Ол біз жасаған бағдарлама бойынша жүреді. Егер робот шетке жетсе өздігінен шегініп кетеді. Біз оны 20 минутта жасап шығардық, - дейді Қарағанды облысы Жаңаарқа кентінің 12 жастағы тұрғыны Жалғас Қарсенбай.

Астаналық мектеп оқушылары 13 жастағы Саламат Қуанғанов пен 11 жастағы Егор Кадацких фестивальде бірге жасаған туындыны – күрегі бар шынжыр табанды роботты ұсынды.

- Біз жасаған шынжыр табанды робот танк сияқты, яғни ол доңғалақты роботқа қарағанда мықты, онымен кездесе қалса оны итеріп тастайды. – дейді Саламат Қуанғанов.

Фестиваль ұйымдастырушыларының бірі, Kazdidac қауымдастығы басқармасының төрағасы Валерий Лебедевтің сөзінше, мектеп оқушылары бағдарлама жазуға ғана емес, сонымен бірге оны шынайы өмірде іске асыра білуге де машықтануы тиіс.

Қазақстандық және шетелдік робот техника жасаушылар алдында Гонконг, Санкт-Петербург пен Алматы қалаларынан қатысқан жаттықтырушылар бүгін шеберлік сырларымен бөлісті.

- Біз балаларға машина өздігінен есептеп шығаратын математикалық зерек алгоритмдерді қалай құрастыруға болатынын үйретеміз, -деді Азаттыққа ресейлік ғалым Сергей Чепинский.

Қарағандыдағы робот техникасын жасаушылар фестивалі жексенбі, сәуірдің 23-і күні де жалғасады.